Церебралды сал ауруына шалдыққан спортшылар арасындағы футболдан Қазақстан VIII чемпионаты
Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшыларды біріктірген «Para Football Bestival» парафутбол фестивалі өз мәресіне жетті.

13–16 қазан аралығында Қазақстан футбол федерациясының «Футбол үйінде» ауқымды спорттық шара – «Para Football Bestival» парафутбол фестивалі өтті. Іс-шара Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) қолдауымен және UEFA қамқорлығымен, бейімделген спортты дамытумен айналысатын ұйымдардың атсалысуымен өткізілді.
Фестиваль аясында екі ірі турнир ұйымдастырылды:
— церебралды сал ауруына шалдыққан спортшылар арасындағы футболдан Қазақстан чемпионаты,
— көру қабілеті толық немесе жартылай шектеулі спортшылар арасындағы Blind Football бойынша ҚФФ кубогы.

«Қазақстан футбол тарихында алғаш рет парафутбол фестивалі бір алаңда көру қабілеті шектеулі және церебралды сал ауруы бар спортшыларды біріктірді. Биылғы жылы қатысушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті: ЦП футболында – 7 команда, ал Blind Football жарысында – 6 команда бақ сынады. Біздің командаларға қолдау білдіріп, форма, жаттығу және жол жүру шығындарын өтеген клубтарға шынайы алғысымды білдіремін»
Шыңғыс Темірханов, «Para Football League» жетекшісі
Чемпионатқа Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Тараз және Атырау қалаларынан командалар қатысты. Турнир басталар алдында Қарағанды облысының командасы жаңа ойын формасымен қамтылды. Спорттық жабдықты командаға QOFA ұйымы сыйға тартты.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қарағанды облысының құрамасы бесінші орын иеленді. Қарағандылық спортшылар жоғары деңгейде ойын көрсетіп, ұйымшылдық пен жігердің жарқын үлгісін танытты. Олардың өнерін жанкүйерлер де, ұйымдастырушылар да жоғары бағалады.

«Ойын өте керемет өтті. Шынымды айтсам, оңай болған жоқ — физикалық және эмоционалды тұрғыдан да. Ұйымдастырушыларға, жаттықтырушыларға және командамызға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын. Мұндай турнирлер бізге жаңа серпін беріп, ары қарай жаттығу мен жетілуге мотивация сыйлайды»
Анатолий Федоровский, Қарағанды командасының капитаны
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік ойыншылар 2026 жылы өтетін халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғайтын ұлттық құрама сапына шақырылатын болады.
«Para Football Bestival» фестивалі еліміздегі инклюзивті спорттың дамуына серпін беріп, кез келген кедергіні рух пен ерік-жігердің жеңе алатынын дәлелдеді.
Басқа жаңалықтар
«НОДА» командасына жаңа спорттық форма табысталды
Команда парафутбол турнирлеріне қатысуды жалғастырып, алдағы ойындарға дайындалып жатыр

Владимир Асылбаевты еске алуға арналған ашық қалалық турнирі
Турнир биыл да өз дәстүрін сақтап, маңыздылығын және жоғары спорттық деңгейін айқын көрсетті

QOFA Серік Сәрсембайұлы Бердалиннің қазасына байланысты көңіл айтады
Қазақ футболына өлшеусіз еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесі әрдайым ел жадында сақталады

Қарағандыда Freedom BFL қысқы маусымы басталды
159 команда, 3000-ға жуық жас футболшы және әр демалыста 70-тен астам матч: облыста 2025–2026 жылғы ең ірі балалар-жасөспірімдер футбол маусымы басталды.
